Большим достижением, и, вместе с тем, большой проблемой XI века является то, что и младенцы, и люди преклонных годов очень уж привязаны к смартфонам.
Об этой ситуации беспокоятся не только в Казахстане, но и во всем мире. Школьные учителя бьют тревогу в связи с участившимися случаями, когда дети увлекаются опасными играми, такими, как «Синий кит», которые доводят подростков до суицида. Учителя призывают родителей не оставлять своих детей без присмотра.
Но как избавиться от интернет-зависимости?
Похоже, сельские дети нашли выход.
Жылқы үстінде бала ойнап…
ХХІ ғасыр- жаңа дәуірдің үлкен жетістігі әрі ең өзекті мәселелерінің бірі-еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін телефонға тәуелді. Бұл тек қазақ елін ғана емес әлемді алаңдатып отырған жағдай. Қазір мектеп ұстаздары жасөспірімдерді өз-өзіне қол жұмсауға (суицид) дейін жетелейтін «Синий кит» секілді ойын түрлерінің көбеюіне байланысты дабыл қағып, ата-аналарға балаларының іс-әрекетін бақылаудан таса қалдырмауға шақыруда.
Жалпы, осы бір телефонға еріксіз тәуелділіктен қалай құтылуға болады? Сағаттап телефонға үңілген балалар мен жастардың көңілін қалай өзге арнаға аударуға болады? Мұндай маңызды сұрақтардың жауабын ауылдық балалар тапқан тәрізді.
Нұрали әдеттегіден өзге бір қылық шығара бастады. Жәй күндері қолы қалт ете қалса телефонына жармасатын ол бұдан да жалыққан болар әлде әлеуметтік желіге жүктелген көкпар ойынының бірін қалдырмай көріп тауысты ма екен, әйтеуір телефонға деген құштарлығы сөне бастаған. Ендігі жерде ауылда күнде ойын, күнде той демекші, шынайы көкпар додасын өз көзімен көруге елеңдей түсті. Түркі тілдес халықтар өте жақсы меңгерген тартысты да, қызықты көкпар майданында болуға бар ықыласымен кірісті. Ауылдың ересек жігіттерінің, яғни ағайын ағаларының соңынан еріп, қай жерде көкпар болып жатса құлын кезінен өзі баптап, өсірген бестісіне мініп кете барады. Бастапқыда әкесі қызықтап көріп қайтар, бара берсін деп үндемейтін. Бірде көкпар алаңына өзі де кіріп, атағы ауызға ілініп жүрген шабандоз-палуандармен қатар жүріп серке тартқанын масаттана айтып келгенде анасының бойын үрей билей бастады. «Айналайын-ау, топырлаған аттың астында қалып мертігіп қаларсың. Тыныш қана шеттеп жайыңа жүр, тыңдамасаң –екінші жібермейміз»,-деп қорқытқандай болды баласын. Әкесі үндемеген соң анасының зілді болса да мейірімге толы ескертпесін тыңдаушы ма еді, «жәрайды» деп тыңдағандай алдаусыратып, өзінің жүрек қалауын жалғастырып жүре берді.
Бұл айтып отырған Нұрәлиіміз Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Құрбан ата ауылының тумасы. Бала күнінде «тай сатып алып бер» деп әкесінің құлақ құртын жейтін ол ақыры айтқанын істетпей қоймады. Өзі жылқы малына қызықпаған соң болар әкесі баласының бұл өтінішін бастапқыда елемеген-ді. Әулетімізде жылқыға мініп, баптаған ешкім жоқ, бұл да бір күні айта-айта шаршаған соң қояр деп ойлады. Дегенмен, олай болмай шықты. Әулетте атбегі болмаса да бойында қазақтың қаны тулап тұрған соң айтқанын істетпей қоймады. Сегіз жастағы бала дөненді ептеп міне алмай, қайта-қайта құлап, жарақат ала берген соң анасы қайта базарға саттырып жіберді. Қыңқылдың көкесі сосын басталды. Ақырында үйден қашып кетемін деп қорқытатын болды. Бұл жолы қолға үйренген жуастау болар деп баласының тұрпатына сай үш жастан асқан байтал алып берді. «Басқа балалар еркек тай мініп жүргенде мен байталға мінбеймін» деп Нұрали ата-анасының алдаусыратқан қақпанына түсе қоймады.
Осылайша, баласы әке-шешесімен айтысып-тартысып жүргенде әкесі көп ұзамай мал базардан қымызын ішеміз деп (денсаулығына байланысты) құлынды бие сатып алды. Сүті мол мама биенің құлынын көрген ауылдағы жылқының қасиеттерін тани білетін атбегілер «келешегі мықты ат болатындай құлын екен» десіп жүрді. Бұл сөз Нұрәлидің де құлағына тиді. Осылайша жаңа туылған құлыншақты Байтұмар деп атап, өзі қарап, өсіріп, бүгінде Байтұмары бес жасар ат болды.
Сабақтан келсе туған бауырындай болып кеткен Байтұмарын сылап- сипап, бірауық суытып келемін деп мініп ауыл жағалап келеді. Ұдайы жылқы үстінде жүріп өскендіктен болар дене бітімі де шымырланып қатайып, күш-қайраты көзге көрініп-ақ тұр.
Ауылда «Бәкір көкпар» деп аталатын ойын додасы ұйымдастырылады. Оған көкпарға енді-енді араласып жүрген жас жігіттер қатысады. Ондайда Нұрәлидің жолы болды дей беріңіз. Ымырт түсе көкпардан келе жатқан ағасының қолы жүргенін байқаған інілері алдынан жүгіре шығып қақпаны ашып тұрады. Жас палуан інілеріне салымынан «шотал» береді. Қанжығасы майланып қайтқан Нұрәли де риза, шотал алған інілері де риза. Анасы анадайдан қарап, баласының жарақат алмай, он екі мүшесі сау келгеніне іштей Жаратқанға шүкіршілік айтып тұрады.
Бірде Нұрәлидің әкесі бәйбішесіне «Алғашқыда біреулерге еліктеп жүрген болар деп едім. Олай емес екен. Табиғатында көкпарға деген құштарлығы бар. Енді шыр-пыр болып қорғаштай бермей, еркіне қой. Анасысың, балаңның аман болуын тілеп жүр, болды» деп кесіп айтқандай болды.
Көкпарға ебі бар болса керек, Нұрәлиді ауылдас ағалары да ұлттық аламан ойыннан қалдырмай ертіп жүреді. «Келешекте атақты шабандоз боламын. Әлі-ақ, менің ата-анам болғандарың үшін мақтанатын боласыңдар» деп әке-шешесінің көңілін көтеріп қояды. Тіл-көзден аман болсын дейміз де.
Жалпы, көкпар тойы биыл өте көп ұйымдастырылуда деуге болады. Тіпті, үлкен көкпар өтпеген күні Құрбан ата ауылының азаматтары ортадан азын-аулақ қаражат жинап, салмағы жеңіл мулляж алып, салымға 100 теңгеден бастап 500 теңгеге дейін атап, «тай көкпар» ұйымдастырып жүреді. Ауылдың 10 жастан 13 жасқа дейінгі балғын палуандары тайымен келіп, көкпар тартысқанын қызықтай қарап, көкпар десе делебесі қоза түсетін арқалы ағалары айқайлап, шуласып жатады. Жердегі жатқан серкені (мулляж) тайыншақтай балалар аламын деп тайынан ауып түсуі де мүмкін ғой. Ол бойынша қауіпсіздік шараларын да қарастырған. Нұрәли секілді жас жігіттер серкені балаларға жерден алып береді. Кім епті болып бірінші қолына іліп алып, ешкімге бой бермей қазандыққа салса, оған деген жанкүйерлерінің қошеметін ауызбен айтып жеткізу қиын. Шынашақтай палуан жүректің бұл қошеметке масаттанып, қуанғанын көзбен көрсеңіз Сіздің де рухыңыз бір көтеріліп қалар ма еді, бәлкім!
Он жастағы Нұрсәт Әлімқұл 4 сынып оқушысы. Тай көкпарда неше дүркін салым салып, көзге түсіп жүрген балғын -шабандоз. Астындағы тайы Құндыз көк осы күнге дейін ұятқа қалдырған емес. Екеуінің жаратылысы егіз ұғым дерсің. Келешегінен үлкен үміт күтетін Нұрсәтті атасы Әлімқұл да көкпарға барғанда қасынан тастамай алып жүреді.
Ауылдық жерде тай құлағында ойнаған жасөспірім жеткіншектер өте көп. Ең құрығанда көкпарға бармайды деген балаларымыздың өзі атқа мініп мал бағады. Айтайын дегенім, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылы –Балалар жылы деп аталуына орай, барлық аудандық спорт және мәдениет бөлімдері ұлттық ойын- көкпарды енді ғана өсіп-жетіліп келе жатқан балалар арасында кеңінен дәріптеп, жиі-жиі жоғарыда айтқандай жүлделі додалар ұйымдастырса. Оның ережесі түзіліп, тәртібі бекітілсе. Әдетте, көкпарға 15-16 жастан жоғары жастардан бастап баулиды. Команда құрып, арнайы жаттықтырады. Мұндай ағаларымыз мемлекеттен ешбір қолдау болмаса да өз бетінше қызығушылықпен өркендетіп келеді. Негізінде 10-11 жастағы балалар арасында да көкпар ұйымдастыруға болатынын құрбанаталықтар дәлелдеп берді.
Бүгінде кішкентай ғана еркіндік балалардың денесін ұстасаң мамық ұлпаға қолың тигендей болады. Ұлы даланың баласы осылай болса, төрт қабырғаға қамалған қаланың балаларын тілге алуымыз артық болар. Ал, ат үстінде ойнақтап өскен баланың денесі тастай шымырланып, тақымы қатая түседі. Одан қала берді, ер азаматтар арасында жиі кездесетін аурулардың алдын алуға мүмкіндік мол. Ұлттық рух пен намыстың қалыптасуы бала кезден басталса ол жүректе мәңгі сақталады деп ойлаймын. Ата-бабамыздың ұстанған жолын жалғастырушы болашақ иелеріне барлық ауылдарда Құрбан ата ауылындағыдай көкпар ойындары ұйымдастырылып тұрса одан ұлтымыздың ұпайы төмендемейді. Бала біріншіден, қоғамдық ортаға бейімделеді, екіншіден, еңбектеніп, тартысқанда ғана жетістікке жететінін түсінеді. Үшіншіден, денсаулығы жақсара түседі, жылқыға бауыр басып, телефонға телміргеннен құтылады. Төртіншіден, ер азаматқа тән мінез қалыптасады. Өзге де пайдалары болып жатса, өзге тілшілер осы мақаланың жалғасы ретінде жаза жатар. Ал, менің айтарым- қолымыздан келіп жатса, төрт түліктің ішіндегі ең ақылды, сұлу да тазасы-жылқы малын баламыздың серігі етуге әдеттенейік.
Чтобы проголосовать, пройдите по ссылке: